АҚПАРАТ

 

  02112017Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ғылыми кітапханасы «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында Алаш ақыны, ағартушы, қоғам қайраткері Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалары бойынша поэтикалық марафон өткізді.

ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының ұсынуымен «Бір ел-бір кітап» акциясы 2007 жылы Абайдың қара сөздерінен бастау алған. Акцияның басты мақсаты-оқу мәдениетін дамыту және қолдау, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, ана тілімізге деген қамқорлық көзқарас, сондай-ақ жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу болып табылады. Осы мақсатта  өткізілген поэтикалық марафонды университетіміздің «Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар» жөніндегі проректоры А.Ұ. Сұлтанов ашты.     Университетіміздің политехникалық факультетінің студенттері Қуан Айберген, Балтабаев Мейірбек, Нұрлыбек Ажар, Алпысбаева Манар, Сансызбай Айнұр, «Агрономия» факультетінің студенті Мұратхан Таңнұр, «Ветеринарлық медицина және биотехнология» факультетінің студенттері Шамирбек Дінмұхамед, Қартамбай Нұржан, Оңғарбай Жарас, Истляуф Асқар және «Машина жасау» факультетінің студенттері Қанатқали Айбатыр, Сапиев Асылхандар ақынның роман, поэма, өлеңдерінен   үзінді келтіріп, мәнерлеп оқыды.

Ветеринарлық медицина және биотехнология факультетінің “Биотехнология, мал және балық шаруашылығы” кафедрасының доценті, ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты Б.Т.Төлебаев Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сан қырлы және әртүрлі жанрлы бай мұрасы- ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің ерекше құбылысы, қазақ халқының рухани мәдениетінің маңызды бөлшегі екенін айта келе, ақынды өшпестей із қалдырған Абайдан кейінгі қазақ  ағартушысы екенін айтты. Сонымен қатар, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қазақ әдебиетіндегі мәні зор туындыларының бірі «Қамар сұлу» романын поэтикалық марафонға қатысқан көрермендерге әңгімелеп берді.

     Өз кезегінде сөз алған «Көп тілді білім беруді дамыту» орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты З.Б.Үмбеталина да ақынның қазақ поэзиясына айтарлықтай үлес қосқанын, оның өлеңдері қазақ әдебиетінің асыл қазынасы екенін, не бары он-ақ  жыл қалам тебіреткеннің өзінде өлең-жырлары өз алдына бір шынар болса, «Қамар сұлу», «Адасқан өмір», «Кім жазықты» поэмалары қазақ әдебиеті әлемінде шыншыл сырларымен, көркемдік сипаттарымен, орындылығымен, оттылығымен келешек ұрпақтан-ұрпақ қадірлеп оқитын классикалық ұлы туындыларға айналғаны сөзсіз екенін айта келе, марафонға қатысып отырған студент-жастарға әдеби шығармалар оқу арқылы сіздер кітаптан рухани азық және тәрбие ала аласыздар, сөз қорларыңызды байытасыздар, осындай білім ордамызда  өткізіліп  жатырған игі шараларға қатысып жүріңіздер,- деп сөзін қорытындылады.

       Келесі кезекте «Ветеринарлық медицина және биотехнология» факультетінің магистранты Мұқанғалиев Алшынбек ақынның шығармашылығын  дәріптеген арнауын домбырамен орындады.

       Поэтикалық марафон барысында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығына арналып «Сұлтанмахмұттың жауһар мұрасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, слайд көрсетілді. Поэтикалық марафонды ғылыми кітапхана директоры Есенаманова Айгүл Базарқызы қорытындылап, осы шараға қатысып ақынның шығармаларын мәнерлеп оқыған студенттерге  жылы лебіз айтып, алғыс хаттар табыстады.

02.11.17