Ақпарат      

      Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен 22 - ақпан күні университетіміздің «Экономика және бизнес» факультетінің IV - курс студенті, жас қаламгер Рысбек Рамазанұлының «Весидж. Ғайып болған қала» атты кітабының таныстырылым кеші өтті. Аталмыш кітап Астана қаласындағы «Жасын» шығармашылық орталығында басылып шыққан. Кітапта Әбу Насыр Әл-Фараби өмірге келген, шағын қала Весидж  туралы әңгімелейді. Осы шараны ашқан «Экономика және болжамдау» кафедрасының меңгерушісі, э.ғ.к.  Ж.Қ. Ержанова  біздің университетімізде оқи жүріп, Рысбек Рамазанұлы Жүсіпбектің жеткен жетістіктері бір төбе екенін, атап айтқанда Халықаралық және Республикалық ғылыми байқаулар мен конференциялардың бас жүлдегері, 50 - ден астам ғылыми мақалалар мен 10–нан  астам ғылыми зерттеулердің авторы, «Қазақстан - Мәңгілік Ел» ғылыми байқауының жеңімпазы, «Абай әлемі» атты Республикалық жастар фестивалінің лауреаты, экономика мен тарихты қатар алып жүрген Рысбекке алдағы уақытта қаламың мұқалмасын деген жылы лебізін білдірді.

20170222 160721 20170222 160846

Келесі кезекте университетіміздің студенті Ә. Иманғалиева сөз алып замандасы Рысбек туралы жақсы пікірлерімен бөлісті.  Рысбек Рамазанұлының «Весидж. Ғайып болған қала» атты кітабымен танысып,  өз ойпікірін білдірген  «Қазақстан тарихы және әлеуметтік – гуманитарлық пәндер» кафедрасының  аға оқытушысы, т.ғ.к. – Е.Е. Хайдаров  кітаптың тілінің жатық және көпшілік оқырманға оқуға жеңіл екендігін де айта кетті. Сонымен қатар кеште университетіміздің білім алушылары арнау айтып, ән шырқап көрермендерді бір серпілтті. Кеш кейіпкері Рысбек Рамазанұлы кітап жазу мақсатын айтып, мазмұнына тоқталып, көрермен қойған сұрақтарға жауап берді. Кітаптың тұсауын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын «Биотехнология, мал және балық шаруашылығы» кафедрасының доценті, а.ш.ғ.к. Б.Т. Төлебаев кесті.   Таныстырылым барысында автор ғылыми кітапханаға және келген қонақтарға кітабын сыйға тартты. Кешті ғылыми кітапхана директоры А.Б. Есенаманова тұжырымдады.